Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық рөлі артып келе жатыр - Президент
САМАРҚАНД. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің отырысында сөз сөйлеп, кезекті басқосудың аса маңызды екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осы жиынға қатысып отырғанына ризашылық танытқан Президент ең алдымен осы іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып, зор қонақжайлық көрсетіп, жылы қарсы алған Өзбекстан Президентіне ерекше алғысын жеткізді.
«Жиынымыз Түркі әлемінің мақтанышы – көне Самарқанд шаһарында өтіп жатыр. Бұл қала тарихи тамыры терең өркениет ошағы ретінде бүкіл әлемге танымал. Самарқанд қаласы Жібек жолының алтын көпірі екенін барша түркі халықтары мойындаған.
Осы киелі жерде Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық ету құқығы Өзбекстан Республикасына беріледі. Өзбек бауырларымыз бұл міндетті абыроймен атқарады деп сенемін», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мемлекет басшысы бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық рөлі артып келе жатқанын алға тартты.
»Біз Түркі әлемінің атажұрты ретінде өздеріңізбен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән береміз. Сондықтан, ықпалдастығымызды одан әрі нығайтуға және оны жаңа белеске көтеруге мүдделіміз. Түркі ынтымақтастығына ұйытқы болған ұйымдардың тарихын зерделесек, олардың көпшілігіне Қазақстан бастамашы болғанын көреміз. ТҮРКСОЙ, ТүркПА және Түркі Академиясы – соның айқын дәлелі. Бұл ұйымдар бауырлас елдердің мәдени-рухани жақындасуына өлшеусіз үлес қосып отыр», - деді Қ.Тоқаев.