«Түркіге ортақ термин жасауға ұмтылуымыз керек» - республикалық басылымдарға шолу

ТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 19 қараша, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Түркіге ортақ термин жасауға ұмтылуымыз керек» - республикалық басылымдарға шолу

Кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 1-ші отырысына және Кеден одағына мүше мемлекеттер басшыларының кездесуіне қатысты. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Кеден одағына мүше мемлекеттер Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыруға мүдделік танытты» деген тақырыппен көлемді мақала жарық көрді. «Ортақ мүдде көзделген бұл кездесудің өзіндік сыр-себебі де жоқ емес. Кеден одағына мүше Қазақстан, Беларусь және Ресей басшы­ларының бір үстел басында осылайша бас қосуының мақсаты үш мемлекеттің 2012 жылдың 1 қаңтарында күшіне енетін Біртұтас эко­номикалық кеңістік туралы халықаралық келісім-шартына бай­ла­нысты Еуразиялық кеңістіктегі интеграцияның көкейкесті мәселелері бойынша келіссөз жүргізу болды», деп жазады басылым.

Осы басылымның атап өтуінше, кеше Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Астанаға ресми сапармен келген Сербия Республикасының Сыртқы істер министрі Вук Еремичпен кездесіп, келіссөз жүргізді. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған келіссөз барысында екіжақты және көпжақты ын­ты­мақтастық мәселелері талқыланды. Е.Қазыханов өз сөз­ін­д­е Қазақстан мен Сербия ара­сын­дағы саяси, сауда-эконо­микалық және мәдени-гу­ма­нитарлық қа­ты­настар жемісті дамуда екеніне ерекше екпін түсірді.

***

«Өзара туыс түркілер арасындағы терминжасам мәселесін 20 ғасыр басында Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаш қайраткерлері көтеріп кеткен болатын. Әлі де өзектілігін жоймаған осы мәселеге «ештен кеш жақсы» деп білек сыбана кіріскеннен ұтарымыз мол екендігі даусыз. Астанада өткен «Түркітілдес елдердің терминқор қалыптастыру тәжірибесі» атты халықаралық конференция барысында осы жайтты аңғардық», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Мақалада жазылған жайтпен егжей-тегжейлі таныс болғыңыз келсе, бүгінгі нөмірдегі «Түркіге ортақ термин жасауға ұмтылуымыз керек» деген мақалаға назар салыңыз.

«Айқын» газетінің жазуынша, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры ағымдағы жылы сатып алулардағы қазақстандық қамтудың үлесін 55 пайызға дейін жеткізуді көздеп отыр. Бұл туралы аталған қордың басқарушы директоры Нұржан Байдәулетов мәлім еткен. «Қолдағы деректерге жүгінсек, осы жылдың 9 айында жасалған шарттардың жалпы сомасы 3 трлн. 430 млрд теңгені құрады. Оның ішінде холдингтің сатып алудағы қазақстандық қамту орта есеппен 49 пайызды құраған», - деп жазады басылым.

***

«Премьер-Министр Кәрім Мәсімов кеше Сербияның Сыртқы істер министрі Вук Еремичпен кездесті», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, әңгіме барысында тараптар сауда-экономикалық қа­рым-қа­ты­настарды дамыту, оның ішінде агро­өнер­кә­сіп­тік сектор, фар­мацевтикалық сала­да­ғы ын­тымақтастықты да­мыту мәсе­лелерін, сондай-ақ екі елдің транзиттік-көлік әлеуе­тін пайдалану мәсе­ле­сін талқы­ла­ды. 2011 жылдың 9 айында Қа­зақстан мен Сербияның ара­сын­дағы өзара сауда-сат­тық көлемі 7,7 млн. АҚШ дол­ларын құрады.