«Turkish Airlines» Ыстанбұлдан Астанаға және Алматыға рейстерін тоқтатты
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрлігі туризм комитетінің жетекшісі Марат Иғалидің айтуынша, TURKISH AIRLINES әуе компаниясы ауа райының қолайсыздығына байланысты (қалың қар) Ыстанбұлдан Астанаға және Алматыға рейстерін тоқтатты.
Ауа райы болжамына сәйкес алдағы тәуліктерде елде қалың қар жауады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде ұшақ жолақтарын тазартуға кедергі келтіреді.
Айта кетейік, желтоқсанның 6-сынан бастап Ыстанбұлда ауа райы бұзылып, қалың қар мен қатты желдің салдарынан барлық әуе рейстерінің ұшуы тоқтатылған болатын. Соның салдарынан Ататүрік әуежайынан Алматыға жүзден астам адам ұша алмай отырған.
«Қаңтардың 6-сы мен 7-сі күнгі Ыстанбұл-Астана бағытындағы «Air Astana» әуе компаниясының жолаушылары жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат 2:50-де бір бортпен кері қайтқан. Олардың жалпы саны - 146 адам», - дейді туризм комитетінің басшысы Марат Игали.
Бұған дейін туризм департаменті Тайландта жүрген қазақстандықтарға аса сақ болуға кеңес берген болатын.