Түркістан әкімі, ардагерлер мен педагогтар жастарға дәріс оқыды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда Тұңғыш Президент күніне орай студенттерге арнайы дәріс өтті. Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде өткен шара барысында Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаевтың мемлекет алдындағы жетістіктері сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат  тілшісі.

Түркістан әкімі, ардагерлер мен педагогтар жастарға дәріс оқыды

Лекциялар бір мезгілде бес секцияда оқылды. Онда Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов, университеттің ғалым-ұстаздары Сейдулла Садықов, Тәліб Жұманов, Рашид Ибрагимовтар Елбасының ерен еңбектері мен еліміздің бүгінгі жеткен жетістіктерін жастарға әңгімелеп, құнды деректермен бөлісті. Аталмыш мерекенің маңызы мен мәніне тоқталды.

Облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов студенттерге Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың ғасырға татырлық істері мен Қазақстанның мәртебесін төрткүл дүниеге таныту үшін жасаған ерен еңбектері жөнінде кеңінен баяндады. Келешекті білу үшін тарихымызды тану қажеттігіне назар аударды. Тәуелсіздік жылдарында қоғамның бір формациядан екіншісіне өтуі барысындағы Елбасының көрегенділігінің арқасында маңызды шешімдер қабылдауы ұтымды жағдай болғандығын айтып өтті.  Бүгінде еліміз дамудың даңғыл жолына түсе отырып, әлемнің озық 30 елінің қатарынан ойып тұрып орын алуға ұмтылған еді. Бұл белестің де, одан да зор асулардың да бағындырылатыны сөзсіз. Оған Елбасымыздың бастамасымен қабылданған «Қазақстан-2050» стратегиясы, «Нұрлы жол» бағдарламасы, «100 нақты қадам» ұлт жоспары өз септігін тигізері анық. Спикерлер студенттерді білімді де, тәрбиелі болуға шақырып, болашақ жастардың қолында екенін жан-жақты түсіндірді.

Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов болса студенттермен кездесіп, Тұңғыш Президенттің елді дамыту жолындағы еңбектерімен таныстырды.   Түркістан қаласының облыс орталығы болуының маңызы мен алдағы атқарылар шараларда жастардың үлесін атап өтті. Оларды қаланың дамуына үлес қосуға шақырды және Жастар жылына орай жасалатын жобалар туралы ақпарат берді.Туризм саласынының дамуына атсалысып,  мейрамхана  және қонақүй жүйесін әлемдік деңгейге көтеру мақсатында жобаларын ұсынуды тапсырды. «Ғылым бар жерде – даму бар» демекші осы университетпен бірігіп, облысқа қажетті кадрларды дайындап, көптеген жобалар жасалу керектігін атап өтті.

Дәрістер соңында студенттер түрлі сұрақтар қойып, жауаптар алды.