Түркістан дендросаябағындағы ағаш жапырақтарын күн сәулесі күйдіріп жіберген - ғалым

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан дендросаябағындағы қылқан жапырақты ағаштар күн сәулесінің әсерінен сарғайып жатыр. Бұл туралы биология ғылымдарының кандидаты Баһадүр Юсупов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Әлеуметтік желіде тараған суреттер мен видеодан Түркістан дендросаябағына отырғызылған ағаштардың қурап жатқандығын көруге болады. Қылқан жапырақты ағаштар сарғайып кеткен. Саябақтағы ағаштарды арнайы көріп шыққан биология ғылымдарының кандидаты Баһадүр Юсупов жапырақтарды күннің көзі күйдіріп жібергендігін айтты.

«Биыл қыс ерекше болды. Қыстың соңғы күндерінде ағаштардағы судың азаюына байланысты әрі күн сәулесінің түсуінен жапырақтар күйіп кеткен. Әсіресе, ұзақ жатып қалған қарға түскен сәуле шағылысып, ағаштарға қатты әсер еткен. Алдағы уақытта күйген жапырақтар түсіп, орнына жаңасы шығады. Бәрі орнына келеді. Бұл жағдай тек Түркістан қаласында ғана емес, Шымкентте, сондай-ақ көрші Өзбекстан мемлекетінің астанасы Ташкент қаласында байқалып отыр», - деді Баһадүр Юсупов.

Ал, Түркістан қаласының әкімдігі саябақтар мен аллеялардағы ағаштарды аман алып қалу мақсатында барлық қажетті іс-шаралар атқарылып жатқандығын жеткізді.

«Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты барлық саябақтар, гүлбақтар мен көшелердегі ағаштардың тамырына қосымша қоректік тыңайтқыштар ерте көктемде берілген. Химиялық өңдеу жұмыстары да жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде күйікке шалдыққан ағаштар қайта қалпына келе бастады. Оларды күтіп-баптау мен уақтылы суғару жұмыстары Түркістан қаласының дендролог мамандарының қатаң бақылауында. Қалалық саябақта ағаштар қураған жағдайда мердігер мекеме кепілдік мерзіміне сәйкес өз есебінен толықтай қалпына келтіретінін қаперге береміз», - делінген қалалық әкімдік тарапынан таратылған ақпаратта.


Соңғы жаңалықтар