Түркістан халықаралық деңгейдегі қалаға айналып келеді - Өмірзақ Шөкеев

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облыстық мәслихатының кезекті сессиясына аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев қатысып, Түркістан қаласында салынып жатқан жаңа нысандар алдағы уақытта ел игіліне берілетінін атап өтті , деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан халықаралық деңгейдегі қалаға айналып келеді - Өмірзақ Шөкеев

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Түркістан халықаралық деңгейдегі қалаға айналып келе жатыр. Мұндағы құрылыс қарқыны бәсеңдемейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаевтың тапсырмалары Түркістанды дамытуға тың серпін береді. Сондықтан қасиетті қаланы дамыту жұмыстары одан ары жандана түседі»,- деді Өмірзақ Шөкеев.

Мәслихат отырысында аймақ басшысы сондай-ақ, өңірде өте үлкен әрі ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Жергілікті билік өкілдеріне жүктелген жауапты тапсырмалардың біртіндеп орындалып жатқанына тоқталды.

«Тапсырмалардың ішінде әрине Түркістан қаласын облыс орталығы ретінде қалыптастыру болатын. Барлығымыздың мақсатымыз - облыстың әлеуметтік-экономикалық жағымен қатар, өңірдің рухани-мәдени саласын бірге дамыту болды. Өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар. Қалада әкімшілік-іскерлік орталығы, мәдени-рухани орталық және Қ.А.Ясауи кесенесінің айналысында құрылыстар жүргізіліп жатыр. Көптеген нысандардың құрылыс барысы қазірдің өзінде қалаға сәулеттік нақышымен ерекше рең беріп тұр», - деді облыс әкімі.

Облыстық мәслихат барсында сонымен қатар 2021-2023 жылдарға арналған облыс бюджеті мен облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның дербес құрамы бекітілді. Мәслихаттың тұрақты комиссияларының ағымдағы жылғы қызметі жөніндегі есептері мен келер жылға арналған жұмыс жоспары секілді барлығы 19 мәселе қаралып, оның нәтижесі бойынша тиісті шешімдер қабылданды.