Түркістан қаласында 100 гектарға жуық жер жалған хаттамамен берілген
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласында 100 гектарға жуық жер аукциондар мен конкурстар арқылы ұсыну жөніндегі комиссияның жалған хаттамалары негізінде беріліп кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қалада 130-дан астам жер телімі заңсыз рәсімделген. Бұл туралы облыс әкімінің қатысуымен өткен облыс прокуратурасының алқа отырысында айтылды.
Алқаның жұмысында облыстың жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдарының басшылары қатысты. Жиында жергілікті атқарушы органдардың 2015-2017 жылдары жер телімдерін беру, пайдалану және сегментациялау барысында жер заңнамаларының сақталуына жүргізілген тексеру нәтижелері сөз болды.
Қадағалаушы орган өкілдері әкімдіктердің жер қатынастары саласындағы жұмысының тиісті деңгейде атқармайтындығын, жер учаскелерін ұсыну кезінде көптеген заңбұзушылықтарға жол берілгендігін атап өтті.
Мәселен, Сайрам ауданында жер телімдері жалған құжаттардың негізінде рәсімделген. Жауаптылар жер заңнамасы талаптарын сақтамай 50 га жер учаскесін 400 жеке тұрғын үй салуға арналған үлестіріп жіберген. Аталған екі заңбұзушылықтың нәтижесінде мемлекетке 700 млн теңгеден аса залал келтірілген. Қазіргі таңда жоғарыда көрсетілген деректер бойынша тергеп-тексеру шаралары жүргізілуде. Сонымен бірге, бұл жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша тиісті шаралар қолға алынды.
Айта кетейік, биылғы жылдың алты айында прокурорлар қабылдаған шаралар нәтижесінде 73 тұлға түрлі жауапкершілікке (тәртіптік, әкімшілік) тартылды. Мемлекетке кадастрлық құны 1 млрд теңге 19 мыңнан астам гектар жер учаскелері қайтарылды.
Алқа мәжілісінің қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдарға жер саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету бағытында нақты тапсырмалар берілді.

