Түркістан қаласында биыл бірнеше жаңа саябақ ашылады
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласында биыл бірнеше жаңа саябақ ашылып, пайдалануға берілмек. Шаһардағы құрылыс алаңдарын аралаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жауапты сала басшыларына саябақтардың құрылысын ширатуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сонымен қатар қаладағы Яссауи көшесінің бойы да толық көгалдандырып, желілік саябаққа айналмақ. «Әзірет Сұлтан қорық мұражайының аумағын абаттандыру да аяқталуға жақын. 30-ға жуық нысанның аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне берілген. Көпқабатты үйлер алдына балалар ойын алаңшалары салынып, абаттандырылуда. Аулалар мен гүлзарлар және ойын алаңдары салынып, 15 нысанға 300-ден астам адам жұмысқа тартылды.

Бұған қоса, 26 көшеге көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, 8 мыңға жуық түп ағаш отырғызылды.
Сондай-ақ, ашық алаңдарды көгалдандыру бойынша 100 гектарға жуық «Жасыл белдеу» көгалдандыру аймағына 40 мың көшет егілді. «Халықтық жоба» негізінде белгіленген нысандар және қоғамдық орындар көгалдандырылып, порт алаңдары, субұрқақтар, шатырлар, орындықтар, жарықшам мен қоқыс жәшіктері орнатылуда. Аталмыш жұмыстарға жергілікті тұрғындар тартылып, жұмыспен қамтылған.

Аймақ басшысы сондай-ақ, шығыс үлгісінде салынып жатқан «Keruen Sarai» тұрғын үй кешенінің құрылыс барысымен танысты. Ясауи кесенесінің жанынан бой көтерген кешен тоғыз екі және үш қабатты блоктардан тұрады. Өмірзақ Естайұлы жалпы аумағы 38 гектарды құрайтын «Тұңғыш Президент саябағы» демалыс аймағында атқарылып жатқан жұмыстарды бақылап көрді. Түркістан қалалық сазды-драма театры және көмекші мектеп-интернаты жатақханасында жүріп жатқан жұмыстармен танысты.

Облыстық ғылыми - әмбебап кітапхананың құрылыс алаңында болған өңір басшысы ғимараттың ішкі құрылысына бірқатар өзгерістер енгізіп, кей бөлмелерін кеңейтіп, қабырғаларын әйнектен орнатуды тапсырды.


















