Түркістан қаласында садақ атудан ересектер арасында Қазақстан чемпионаты өтуде
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласында садақ атудан ересектер арасында Қазақстан чемпионаты өтуде. Ең тәжірибелі мергендер сайысына еліміздің барлық өңірінен іріктелген 10 команда қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сайысқа 250-ге жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтауда. Жарыстың бас төрешісі Ольга Нидің айтуынша, биылғы Қазақстан чемпионатына ұлттық құрама мүшелері түгел шақырылған.

Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында талай мергендерді танытқан бұл спорт түріне соңғы кездері қаракөздеріміздің арасында қызығушылық артып отыр.
Ел чемпионатының ашылу салтанатында облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев пен ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің садақ ату бөлімінің басшысы Еділ Темірбеков құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларымызға сәттілік тіледі.

Сонымен қатар Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, Түркістан облыстық садақ ату, арбалет және дартс федерациясының президенті Жанар Темірбаева да мергендерге қолдау көрсетті.
Айта кетейік, жарыстың жеңімпаздары 13-20 наурыз аралығында Тайланд елінде өтетін кезекті Азия кубогінде Қазақстанның намысын қорғайды.
