Түркістан қаласының әкімі Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің елшілерімен кездесті
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов жұмыс сапарымен келген Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің елшілерімен кездесті. Қазақстандағы Еуропалық Одақтың елшісі Свен-Олов Карлссон бастаған делегация мүшелері облыстың экономикалық және туристік әлеуетімен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Хорватия, Словакия, Чехия, Австрия, Германия, Румыния, Финляндия елдерінің Қазақстандағы елшілері бас қосқан жиында ынтымақтастықтың перспективті бағыттары талқыланып, кәсіпкерлік саласына жіті мән берілді. Сонымен қатар, меймандар бизнес жүргізуге жасалған арнайы инвестициялық мүмкіндіктер жайлы ақпарат алды. Түркістан қаласының қазіргі жасы да қонақтардың назарынан тыс қалмады.
Рашид Абатұлы өз сөзінде даму қарқыны жанданған шаһарда 170 мыңнан аса халық бар екенін жеткізді. Тұрғындар мен туристерге жайлы жағдай жасау маңызды мәселе екендігін сөз етті. Терең тарихымен танымал Түркістанның басты байлығы Қ.А.Ясауи кесенесі жайлы жан-жақты тоқталып, ескі және жаңа қаланы жандандыру бағытында жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Кездесу барысында Қазақстандағы Хорватия елшісі Рефик Шабанович осы жылдың 2-3 шілдесінде өтетін бизнес форумға қаладағы туризм саласының қызметкерлерін тәжірибе алмасуға шақырды.
Ал, шаһар басшысы елшілерді 12 күн бойы аталып өтетін Наурыз думанға қатысуға және «Жасыл белдеу» құруға, инвестиция тартуға шақырды. Мұнан соң қонақтар Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде болып, онда университет ректоры Б.Абдрасиловпен Халықаралық байланыстарды нығайту жөніндегі бағдарламалар мен жобалар жөнінде талқылады. Оқу орнының мәдениет орталығындағы музейін тамашалап, студенттермен еркін форматта кездесу өткізді.