Түркістан мен Бурабайда Орталық Азия волонтерлерінің алғашқы форумы өтіп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда Орталық Азия волонтерлерінің алғашқы форумы өтіп жатыр. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

15-17 тамыз аралығында Түркістан мен Бурабайда форумға қатысушылар саланы дамыту, Орталық Азиядағы волонтерлікке тың серпін беру жолдарын пысықтап, идеялар мен ұсыныстар жинақтап жатыр.

«Бұл форум бес күнге созылады, Орталық Азия мемлекеттерінің волонтерлік саласындағы сарапшыларының үлкен жиыны өтеді. Негізгі мәселе – БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бастаманы әрі қарай ілгерілету мақсатында шаралар ұйымдастыру, оның негізгісі – волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау туралы жұмыс жүргізу. Содан кейін форумның екінші бөлігі Нұр-Сұлтан қаласында өтеді, барлық өңірлерден және аталған елдерден қатысушылар жиналады. Бұл жақта екі күнге арналған бағдарлама әзірленген, оның шеңберінде тұрақты даму мақсаттары бойынша белгілі сарапшылардың қатысуымен сессиялар өткізу жоспарланған», - деді Мадияр Қожахмет орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Форумның соңғы күні ҚР Парламенті Сенаты төрағасының қатысуымен пленарлық отырыс өтіп, еліміздің және Орталық Азия елдерінің танымал волонтерлері презентация жасайды.

«Қорытынды күні БҰҰ Еріктілер бағдарламасының әлемдегі волонтерліктің жай-күйі туралы баяндамасы ұсынылады. Қазіргі уақытта Сыртқы істер министрлігі мен БҰҰ кеңсесі аясында Президент бастамасын ілгерілету жұмыстары жүріп жатыр. Бұл идея түрлі халықаралық диалог алаңдарында, атап айтқанда Ресейде, Таиландта, Қытайда, Түркияда, Латвияда және басқа елдерде өтетін шараларда көтерілді. Қазіргі таңда Қазақстан волонтерлері БҰҰ түрлі құрылымдарында белсенді жұмыс істеп жүр. Оның ішінде 7 волонтер ҚР қолдауымен шет елдерде өзінің волонтерлік миссиясын атқарып жатыр. Осындай шаралар нәтижесінде еліміздің волонтерлік саласының қарқынды дамуын көрсетуге тырысамыз», - деді Мадияр Қожахмет.

Сонымен бірге, Орталық Азия волонтерлер корпусын немесе арнайы хаб құру қарастырылады. Бұл хабтың жұмысы жедел ақпарат алмасуға, төтенше жағдайлар, экология, салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша жұмыс тәжірибесімен алмасуға бағытталады.


Соңғы жаңалықтар