Түркістан облыстық полиция департаментінде 17 басшылық лауазым қысқартылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облыстық полиция департаментінде 17 басшылық лауазым қысқартылды. Бұл туралы бүгін Түркістан облыстық ПД бастығы Қайрат Дәлбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Түркістан облыстық полиция департаментінде 17 басшылық лауазым қысқартылды

«Түркістан облыстық полиция департаментінің штат санын 275 бірлікке немесе жеке құрамын 10 пайызға қысқарту жүргізілді. 17 басшылық лауазым, облыстық аппараттағы басшылық лауазым саны 42-ден 25 бірлікке қысқартылды. Үш құрылымдық бөлімше, атап айтқанда жауап алу мен тергеу басқармалары, ұйымдасқан қылмыспен күрес пен криминалдық полиция басқармалары және жедел жоспарлау мен облыстық басқарма штабы біріктірілді», - деді ол ҚР Ішкі істер министрлігі жанындағы қоғамдық кеңестің отырысында.

Сонымен қатар облыстық аппараттың іссапар тиімділігіне сараптама жүргізілгендігін айтты.

«2018 жылдың үш айында іссапар шығыстары 95 млн теңгені құраса, биылғы жылдың дәл сондай кезеңінде іссапар шығыстары 50 млн теңгені құрап, 47 пайызға азайды. Сараптама қорытындысына сәйкес іссапар шығыстарын қысқарту бойынша қосымша шаралар қабылданады», - деді Қайрат Дәлбеков.