Түркістан облысы әкімдігінің өкілдері Халықтық кеңсенің жұмысымен танысты
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өткен іс-шарада кеңсенің жұмыс істеу механизмі таныстырылды. Өз кезегінде Түлкібас ауданы әкімі аппаратының басшысы Ербол Орманов халықтық кеңседе әкімдікке қарасты 8 дербес бөлім 95 түрлі мемлекеттік қызмет бойынша «бір терезе» қағидатына сәйкес тұрғындарға қызмет көрсетіп жатқанын айтты. «Елбасымыз айқындап берген «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асырудың 4 бағыты бар. Сол бағыттардың үшіншісі - мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру болып табылады. Автоматтандырылған жүйемен жұмыс істейтін кеңседе азаматтар бұрынғыдай көп уақыт жоғалтпайды. Ең бастысы, қызмет түрлері жоғары сапада көрсетілетін болады» - деді Ербол Орманов. Аудандардың ішінде алғаш рет Түлкібас ауданында ашылған халықтың кеңсенің жұмысына риза болған семинарға қатысушылар мемлекеттік қызмет көрсету бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары бағаларын беріп, өзара тәжірибе алмасты.