Түркістан облысы әкімінің орынбасары сыбайлас жемқорлықтың орын алу себептерін айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік қызметшілердің жалақылары көбейген жағдайда жемқорлық фактілері де азаяды. Бұл туралы AntikorLive бағдарламасында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Адами факторлар, облыста халық санының көп болуы және мемлекеттік қызметшілер жалақысының төмендігі сыбайлас жемқорлықтың туындауына негіз болып отыр деп ойлаймын. Осы факторларды жою мақсатында өңірде бірқатар шаралар қабылданып, қарқынды жұмыс атқарылады. Мемлекеттік қызметшілер Президенттің жолдауын тыңдап, қуанып қалды. Келесі жылдан бастап облыс әкімшіліктері балдық жүйеге өтеді. Бір жыл бұрын осы жүйе Шымкентте енгізілген. Мемлекеттік қызметшілердің жалақылары көбейген жағдайда жемқорлық фактілері де азаяды деп санаймын», - дейді Сәкен Қалқаманов.

Оның айтуынша, облыс бойынша 2015-2017 жылдар аралығында мемлекеттік тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезегінде тұрған отбасыларға 5841 пәтер берілді.

«Оның ішінде Шымкент қаласында 3966 пәтер берілді. 336 пәтер жекешелендірілді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша, облысымызда тұрғын үй кезегіне тіркелген 29 мыңнан астам азамат бар. Биыл тек қана Түркістан қаласында 2000-нан астам пәтер, ал Кентау қаласында осы жылдың аяғына дейін 600 пәтер тапсырылатын болады. Жұмыс барысы жіті бақылануда», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар
telegram