Түркістан облысы аумағында криминогендік ахуал толық бақылауда

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат-Түркістан облысы аумағында криминогендік ахуал толығымен бақылауда. Бұл туралы барлық құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен шұғыл штаб өткізген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді,деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысы аумағында криминогендік ахуал толық бақылауда

Облыс басшысы Түркістан облысы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар күшейтілетінін айтты. «5 қаңтар күні Мемлекет басшысының Жарлығымен және ҚР Конституциясының 44-бабына, «Төтенше жағдай туралы» ҚР Заңына сәйкес, Түркістан облысы аумағында 5 қаңтар сағат 22.00-ден бастап 19 қаңтар сағат 00.00-ге дейінгі аралықта төтенше жағдай енгізілді. Аталған құжаттың негізінде Түркістан облысының комендатурасы құрылып, оған «Төтенше жағдай туралы» ҚР Заңымен көзделген өкілеттіктер беріледі. Түркістан облысында жалпы жағдай тұрақты деп айтуға болады»,– деді Өмірзақ Шөкеев. Төтенше жағдай кезінде бекітілген уақытша шектеулер жайлы баяндаған Түркістан облысының Бас комменданты – Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Қайрат Дәлбеков заң бұзушылықтарға жол берудің зардабы ауыр екенін ескертті.

Комменданттық сағат кезінде таңертең түнгі сағат 23.00-ден таңғы 7.00-ге дейін азаматтардың жүріп-тұруына шектеу қойылған. Облыс аумағында соның ішінде аудандар арасында көлік құралдарының жүріп-тұруына шектеулер орнатылды.
Сондай-ақ Қызылорда, Жамбыл облыстарымен, Шымкент қаласына кіретін-шығатын жолдарға, аудан арасында блок-бекеттер қойылды. Төтенше жағдай кезінде азаматтардың жеке құжаттары, көліктері мұқият тексерілуде. Бейбіт жиналыстар, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынған. «Құрметті облыс тұрғындары құқық қорғау органдары басқа да мүдделі және атқарушы билікпен бірге қоғамдық қауіпсіздікті сақтау үшін күндіз-түні қызмет атқаруда. Баршаңызды заң бұзушылыққа бармауға, тәртіп сақтап, арандатушылардың сөзіне, іс-әрекетіне ермеуге шақырамын! Қандай да бір мәселеңіз болса, заң аясында шешу үшін тиісті мемелкеттік органдардың көмегіне жүгінуге болатынын жеткіземін, – деді Түркістан облыстық Полиция Департаментінің бастығы, генерал-майор Қайрат Дәлбеков.