Түркістан облысы Келес ауданының екі ауылына газ тартылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «QazaqGaz» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны – «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан облысы Келес ауданы Бәйтерек және Жамбыл-2 елдімекендерін табиғи газға қосты, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Түркістан облысы Келес ауданының екі ауылына газ тартылды

Тұрғын үйлерге газ жеткізу салтанатына «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директоры Бауыржан Асқаров, Түркістан облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысынын орынбасары Роза Сариева, Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, БАҚ өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Табиғи газды бұл ауылдарға жеткізу үшін Ғани Мұратбаев атындағы газ тарату станциясынан (ГТС) 25 шағырымнан аса газ құбыры төселді соның арқасында 544 тұрғын үйді табиғи газға қосу мүмкіндігі бар.

Тұрғындарды бүгінгі қуанышымен құттықтаған «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директоры Бауыржан Асқаров, газ мамандарының басты міндеті – әр шаңыраққа жылу мен қуаныш сыйлау екенін атап өтті.

Газ мамандары тұтынушыларға табиғи газды пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау мен газды үнемді пайдалану ережелері жазылған ескертпе-парақшаларын таратты.