Түркістан облысы мен Шымкент қаласының түлектері ҰБТ-да орташа 79,9 балл жинады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Биылғы Ұлттық Бірыңғай тестілеугеТүркістан облысы мен Шымкент қаласынан 22 091 оқушы қатысып, орташа  79,9 балл жинаған. Тестілеуге қатысқан түлектер арасында 0 балл алғандар да кездеседі. Бұл туралы бүгін Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Түркістан облысы мен Шымкент қаласының түлектері ҰБТ-да орташа 79,9 балл жинады

Басқарма басшысының сөзінше, тест тапсырғандардың біреуі - 139,    үшеуі -  138 және бесеуі - 137  балл жинаған. Сондай-ақ 1690  түлек "Алтын белгіге" үміткер болса, олардың 1650-і мектеп қабырғасында алған білімдерін ақтап шықты. Ұлттық Бірыңғай тестілеу кезінде  24 оқушы "Алтын белгі" алғанымен, нәтижелері шектік балға жете алмай қалған. 16 бала  0 деген балл алған.

"Өкінішке қарай, әрбір шараның жанында шолақ белсенділер жүреді. Олар оқушыларға "көмектесеміз, сен үндемей отыра бер. Дайын жауапты әкеліп береміз" деп үйретеді. Сондай балалар ештеңе белгілемей, алданып қалған жағдайлар кездескен. Өкінішке қарай, 22 мың баланың ішінде 16 бала осылайша 0 балл алды. Олардың өздері, ата-аналары мен ұстаздары кінәлі. Ол бойынша жазалау болмайды. Себебі, олар мектептен аттестат алады, ал жауапкершілігі өздерінің мойнында болады. Бірақ біз әр кемшілік бойынша зерделеу жұмыстарын жүргіземіз", - дейді Исатай Сағындықов.
null 

Басқарма басшысы, сондай-ақ, тәртіп бұзып, жауаптары саналмай қалған оқушылардың да іс-әрекетіне тоқталды.

"Неге бір бала өз білімімен 100 балл алады екен де, екіншісі ұялы телефонмен кіріп, 120 балл алуы керек? Әділеттілік қайда? Менің көзімше бір қыздан бес бірдей ұялы телефон шықты. Емтихан ережесін бұзғаны үшін 5 баланың жауаптары қабылданбады. Олар ұялы телефоннан, қасындағылардан көшіруге, сыртта кітап алып шығуға әсер етті. Өткен жылға қарағанда түлектер мен ата-аналарынан комиссияға түскен шағым жоқ", - деді облыстық білім басқармасының басшысы.