Түркістан облысы: Түлкібаста екі жаңа мектеп салынады
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Биыл Түркістан облысы Тұрар Рысқұлов ауылында екі жаңа мектеп бой көтереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өңірлік коммуникациялар қызметінен мәлім еткендей, Түлкібас ауданының орталығында салынатан білім ұясы 300 орынға лайықталған. Сондай-ақ, Машат ауылдық округіне қарасты Еңбекші ауылынан 150 орындық жаңа мектептің құрылысы бастау алмақ.
Білім саласындағы бұл мәселелер жергілікті тұрғындар тарапынан көп жылдан бері көтеріліп келген. Оңтайлы шешімі табылған білім саласындағы ауданның тың жаңалығы облыс әкімінің қолдауымен іске асып отыр. Қазіргі таңда мектептердің орналасу аумағы белгіленген.
Аудан оралығындағы мектеп құрылысы - Түлкібас агробизнес және саяхат колледжінің маңындағы ардагерлер аллеясының орнында, ал Еңбекші ауылындағы оқу ордасы - Тұрсынбеков мектебінің жанынан бой көтермек. Бүгінгі таңда қос жобаға облыстық бюджеттен бастапқы қаржы бөлінген.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысының Түлкібас ауданы Састөбе кентінде жаңа емхана құрылысы басталатынын жазған болатынбыз. Күніне 70 адам қабылдай алатын емхана құрылысына облыстық бюджеттен 404 млн теңге қаржы қарастырылған.