14:27, 02 Шілде 2018 | GMT +5
Түркістан облысын әлемнің 30-ға тарта елінен келген дәрігерлер аралап жүр
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысына әлемнің 30-ға тарта алпауыт елдерінен білікті дәрігерлер келіп, бас қосты. АҚШ, Англия, Германия, Ресей секілді мемлекеттердің мамандары 7 күн бойына аудандық ауруханаларды аралап, тегін кеңестер беретін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшылығының қолдауымен жүзеге асырылған бұл бастамаға шетелдік дәрігерлер бірауыздан қолдау көрсетті. Қонақтар ең алдымен облыстық клиникалық ауруханада өткен халықаралық медициналық конференцияға қатысып, өңірдегі бірқатар медициналық мекемелердің жетекшілерімен жүздесті. Аймақта жиі кездесетін ауру түрлерімен танысып, оны емдеудің жолдарын қарастырды.
Мұхит асып келген мамандар әсіресе онкология, педиатрия, ревматология, стоматология, терапия және гастроэнтерология бойынша түрлі кеңестерін берді. Бүгін шетелдік дәрігерлерден құралған топ Сайрам ауданына барып, ондағы науқастарды қарайды деп күтілуде.