Түркістан облысына 441 миллиард теңгеден астам инвестиция салынды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы бойынша өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 441 млрд 214 млн теңгені құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 38,5% артты. Бұл туралы Түркістан облыстық статистика департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан облысына 441 миллиард теңгеден астам инвестиция салынды

«Инвестиция салымдарының басым бөлігі өнеркәсіп және жылжымайтын мүлік салаларына тиесілі. Негізгі инвестициялық салымдардың 85,3% шағын кәсіпорындар жүзеге асырған. Олардың көлемі 376 млрд 207 млн теңгені құрады», - деді Айдар Әбілдабеков.

Бұдан өзге, Түркістан облысы бойынша былтыр өнеркәсіп өндірісінің көлемі — 498 млрд 347 млн теңгені құрап, 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3% артқан.

Тиісінше, облыстың өнеркәсіп өнім көлеміндегі республикадағы үлесі 1,7% құрады. Ал ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі өткен жылы 629 млрд 816,2 млн теңге болды, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 4,7% артқандығын көрсетіп отыр. Республикадағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы үлесі бойынша облыс 3-орынды иеленді.