Түркістан облысынан 70-ке жуық тұрғын солтүстікке аттанды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының 70-ке жуық тұрғыны солтүстік өңірлерге аттанды, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Түркістан облысынан 70-ке жуық  тұрғын солтүстікке аттанды

Мұндағы мақсат - жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару. Түркістандықтардың ішінде солтүстік өңірде тұрақтап, жұмыс істеу үшін түбегейлі шешім қабылдаған тұрғындар да жетерлік. Солтүстікке қоныс аударуды қолдайтын мемлекеттік бағдарлама қолға алынған 3 жылдың ішінде өңірден 700-ден астам отбасы көшіп барған. Былтырдың өзінде 500-ге жуық отбасы жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударған.

Қоныс аударушыларға мемлекеттен қолдау зор. Түркістан облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Тұрар Құдайбергеновтің мәліметінше, бағдарлама қатысушыларына тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығындары да төленеді. Сондай-ақ, әрбір отбасы мүшесіне бір реттік 35 АЕК мөлшерінде материалдық көмек беріледі.

Мамандардың айтуынша, қазір солтүстікте 3 мыңнан аса бос жұмыс орны бар. Қоныс аударушылар саны жылдан-жылға өсіп келе жатқандықтан теріскей өңірі тұрғын үй құрылысына да қарқын беріп отыр.

Айта кетейік, жыл соңына дейін облыстан еңбек күші тапшы өңірлерге 1500-ден асатын мүшесі бар 400 отбасы қоныс аударады деп күтілуде. Қазір салаға жауапты ммандар солтүстікке көш бойынша ауылдық елді мекендерде насихат жұмыстарын жүргізуде.

null