Түркістан облысынан қаңлы дәуіріне тиесілі құнды жәдігерлер табылды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысынан қаңлы дәуіріне тиесілі құнды жәдігерлер табылды. Бұл туралы Түркістан өңірлік комминкация қызметі мәлімдеді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысынан қаңлы дәуіріне тиесілі құнды жәдігерлер табылды
Фото: Береке Сейітжаппар

Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық университетінің археологиялық жасағы «Ордабасы» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қызметкерлерімен бірлесе отырып, қаңлы дәуіріне тиесілі көне қорым орнын тапты. Ашық аспан астындағы нысан Ордабасы ауданына қарасты Қараспан ауылы маңындағы орналасқан.


Қорымдағы дәліздің ұзындығы 8,5 метр болса, тереңдігі - 4 метр құрайды. Жерлеу камерасының тереңдігі - 5,2 метр. Мамандардың айтуынша, мұндай тереңдіктегі қорымдар бұрын-соңды бұл аймақта кездеспеген.

Сондай-ақ, археолог ғалымдар жүргізген қазба жұмыстарының барысында Сарыарық ауылы маңындағы үңгірден 2 мың жыл бұрынғы алтын сырға тауып алған. Бұл құнды әшекейдің жер астында жатқанына қанша жыл өтсе де сынын жоғалтпапты. Сондай-ақ, көне қорымнан 400 моншақтан тұратын алқа мен күміс сақина және кірпік бояуға арналған бұйымдар шыққан. Одан бөлек, қазба жұмыстарының барысында керамикалық заттар да табылды.


«Жүргізілген ғылыми зерттеулер қорымдағы ер азаматтың, әйелдің және жас өскіннің сүйегі осыдан 2 мың жыл бұрын жерленген деген дәйекті дәлелдерді көрсетті. Қорымнан табылған заттар – сол дәуірдегі қаңлы тайпасының ауқатты өмір сүргендігін айғақтайды» - дейді археолог Александр Подушкин.