Түркістан облысында 1 тоннаға жуық қарасора тәркіленді
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қарасора» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Түркістан облысының аумағында ірі қарасора плантациясы анықталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен брифингіде ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шұғыла Тұрлыбек айтуынша, қарасора бұталары әуеден жүргізілген барлау нәтижесінде анықталған.
«Сауран ауданының Қызылшаруа ауылындағы Сырдария өзенінің жағасындағы тоғайлар арасында 4 500 есірткі қарасора бұтасы табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген есірткінің салмағы бір тоннаға жуық, яғни 974 келі болды. Сондай-ақ, биіктіктен барлау жүргізу барысында Түркістан және Қызылорда облыстарының аумағында салмағы 17,5 келі болатын 90 қарасора бұтасы анықталып, жойылды», - деп тоқталды Шұғыла Тұрлыбек.