Түркістан облысында 10 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде қолға алынған жоба аясында 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Нәтижесінде 10 313 адам еңбекпен қамтылды. Ең төменгі жалақы - 85 мың теңге. Ең көп жұмыс орындары – құрылыс саласында.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, жұмыспен қамту орталықтары арқылы бос жүрген азаматтарды жұмысқа орналастыру қарастырылған. Мемлекеттік бағдарламаның мақсаты - жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, халықтың табысын арттыру.
Жыл соңына дейін Түркістан қаласының өзінде 48 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асады. Олардың басым бөлігі қалаға ауыз су, газ, электр жүйелерін тартуға бағытталған. Аудан, қалаларда орналасқан 100-ге жуық мектепте санитарлық тораптар ретке келтіріледі. 100 шақырымдай жол жөнделіп, мемлекеттік және әлеуметтік мекемелердің ғимараттарында пандустар орнатылады.
Карантин кезінде жұмыс берушілер тарапынан қажетті санитарлық–эпидемиологиялық талаптар сақталған, қызметкерлер жеке қауіпсіздік құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысында 24 925 уақытша жұмыс орындары мен 2000-нан астам тұрақты жұмыс орындарын құру жоспарланып отыр.