Түркістан облысында 10 жыл бұрын басталған тоннельдің құрылысы биыл аяқталады
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының Түлкібас ауданында 10 жылдан бері салынып жатқан тоннельдің құрылысы биыл аяқталады. Бұл туралы Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолының бойында салынып жатқан жерасты тоннелінің құрылысы 2013 жылы басталған болатын. Жобаның жалпы құны – 8,5 млрд теңге. Тоннельдің ұзындығы – 840, ені – 13 метр. Жоспарға сәйкес, ауқымды жерасты тоннелінің құрылысы 2023 жылдың қараша айында толық аяқталып, ел игілігіне берілмек.
«Бүгінгі күні бұрғылау-жару жұмыстары мен монолитті бетон құрылысы толығымен аяқталды. Жол төсемі мен дренажды құрылғы үшін дайындық жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда электр жарығымен қамту жұмыстары атқарылып жатыр», - деді Нұржан Ізтілеуов.
