Түркістан облысында 100 орындық провизорлық орталық ашылады
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Ордабасы аудандық орталық аурухана жанынан 100 адамға шақталған провизорлық орталық ашылмақ. Бұл туралы аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков халықпен онлайн сұхбат кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аудан әкімінің сөзінше, қазір орталықты ашуға дайындық жұмыстары жүргізіліп, аудандық аурухананың бұрынғы ғимараты жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен толық жөндеуден өтуде.
Аталған нысан тамыз айында пайдалануға берілмек. Орталықтың жалпы аумағы – 1500 шаршы метр. Сонымен қатар, аудандағы Темірлан елдімекенінде «Арбат» аумағын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Мердігер мекеме ағымдағы жылдың сәуір айында басталған құрылыс жұмыстарын желтоқсан айында толық аяқтамақ.
Айта кетерлігі, биыл аудан орталығы Темірланда 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. 2018 жылы құрылыс жұмыстары басталған мектеп биыл жаңа оқу жылына орай есігін ашады деп күтілуде.
Бұдан бөлек аудан орталығындағы орталық саябақта да құрылыс жұмыстары аяқталып, абаттандырылған.
Биыл толық пайдалануға берілген саябақта Даңқ мемориалы, ауданның құрметті азаматтарының аллеясы, ботаникалық бақ пен спорттық алаңшалар орналасқан. Демалыс орнының жалпы аумағы - 5 гектар.

