Түркістан облысында 100 жастағы қария мен 96 жастағы ҰОС ардагері учаскеге келіп дауыс берді
Сайрам ауданында ең белсенді дауыс берушілер таңсәріден сайлау учаскесіне келіп өз таңдауын жасауда. Солардың бірі Қарасу ауылдық округіндегі N560 учаскесіне алғашқылардың бірі болып 100 жастағы Садық Қуатбеков ақсақал немерелерімен келіп, дауыс берді.
«Мен елімнің болашағына бей-жай қарай алмаймын. Сондықтан әрбір сайлаудан қалмай дауыс беріп келемін. Президентті таңдау жарқын болашақты таңдау деп білемін», - дейді ол.
Айта кетейік, Сайрам аудан бойынша жалпы 86 учаскесі, 133 065 дауыс беруші бар. Барлық учаске өз жұмысын уақытылы бастады. Сайлау бойынша таңдау жасау кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
Сондай-ақ, 96 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Бадан Төребаев сайлау учаскесіне келіп өз таңдауын жасады. Қарияның белсенділігі көпшілікті тәнтті етті. Ал, дауыс берген соң, Алладан елдің амандығын тілеп, бата берді.
«Ел Президентін сайлау арқылы біз елдің болашағын таңдаймыз. Сондықтан үйде жата алмадым. Балаларға мені сайлау учаскесіне алып барыңдар деп тыныштық бермедім. Сайлауда әрбір дауыс маңызды. Сондықтан баршаңызды дұрыс таңдау жасауға шақырамын. Еліміздің мәртебесі биік болсын! Бейбіт те берекелі ғұмыр кешейік» – деді ақсақал.
Соғыс жылдары ардагердің Беларусь майданында жорық жолы басталып, ауыр шайқаста ерекше ерлігімен көзге түскен. Сондағы жанқиярлығы ескеріліп, «Ерлігі үшін» медальімен марапатталды. Жорық жолы Берлинге дейін жалғасты. І-ші дәрежелі «Ұлы Отан Соғысы» орденімен, 2 рет «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.
Елге 1950 жылы қараша айында оралып, еңбекке араласты. Кентау қаласындағы «Мырғалымсай» кенішінде ұзақ жылдар бойы жемісті жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықты. Отбасында 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген ардагер 14 немересі, 2 шөбере сүйіп, бейбіт күнде бақытты ғұмыр кешіп отыр.