Түркістан облысында 11 мың гектар алқаптағы мақта жиналып алынбақ

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданының шаруалары қыркүйек айының алғашқы 10 күндігінде мақта теру науқанын бастамақ. Сала мамандары ақ алтынның ауа-райының қолайсыздығынан 20-25 күнге кеш егілгенін айтып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында 11 мың гектар алқаптағы мақта жиналып алынбақ

Кездескен қиындықтарға қарамастан түркістандық шаруалар биыл мақта дақылын дер кезінде жинап алуды жоспарлап отыр. Олар алқаптарды уақытылы суғарып, дәрілеуінің арқасында өнім бітік шыққан. Ал, жаппай мақта теру науқанына қыркүйек айынан бастап кіріспек ниетте. Ал, Түлкібас ауданында биылғы жылы 502 гектар жерге тамшылатып суару әдісі енгізіліп отыр. Негізінен бау-бақша өсірумен айналысатын таулы ауданның шаруалары алдыңғы қатарлы озық технологияларды қолдана бастаған. Соның арқасында жемістер көлемі артып, мол өнім алуда. Айта кетейік, ауданда өткен жылы 500 га жерге тамшылатып суғару әдісі енгізілген болатын. Биылғы жылы қосымша тағы сегіз шаруа қожалығы 300 га жерге тамшылатып суару әдісін енгізді. Осылайша шаруалар суды үнемдеу арқылы 7-8 есеге дейін мол өнім жинамақ.