Түркістан облысында 14 жасар бала кәріз суы жиналатын шұңқырға құлап көз жұмды
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында 14 жасар бала кәріз су жиналатын шұңқырға құлап қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға Ордабасы ауданының, Шұбарсу ауылында болған.
102 пультіне хабарласқан жергілікті тұрғын кәмелетке толмаған ұлының 18 желтоқсан күні белгісіз бағытқа шығып, қайтып оралмағанын айтып, көмек сұраған.
Жоғалған жасөспірімді іздеуге аудандық полиция бөлімінің бүкіл жеке құрамы жұмылдырылды.
Тәртіп сақшылары жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәлардан жауап алды.
Іздестіру шаралары барысында Ордабасы АПБ қызметкерлері үй ауласындағы кәріз су жиналатын шұңқырдан 14 жасар баланың денесін тапты.
«Алдын ала болжам бойынша, кәмелетке толмаған жасөспірім септикке құлап, қайтыс болған. Сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр» делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.