Түркістан облысында 140 жедел жәрдем бригадасы қызмет көрсетеді
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Түркістан облысы аумағында 140 жедел жәрдем бригадасы қызмет көрсетеді. Жалпы қала мен аудандарда 22 бекет, 1 оперативті және 1 медициналық авиация бөлімі бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірдің жедел жәрдем қызметінде 36 дәрігерлік және 104 фельдшерлік бригада қызмет атқарады.
Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ақайша Аманжолованың айтуынша, облыста 177 санитарлы автокөлік бар.
Көліктерде дер кезінде жедел медициналық көмек көрсету үшін дефибриллятор, кардиостимулятор, кардиоверсия, кардиомонитор, электрокардиограф, ИВЛ, оттегімен және электрлік, механикалық сорғыш аппараттарымен қамтылған.

Ал, Түркістан қаласының орталық ауруханасы өткен жылы жаңа ғимаратқа көшті. Аурухананың бас дәрігер Жанболат Ділдәбековтің сөзінше, емдеу мекемесі бойынша барлық төсек-орын саны – 340.
Аурухана компьютерлік томограф, рентген, жеке медициналық газ станциясымен жабдықталған.
Ондағы палаталар 2-3 науқасқа арналған және орталықтандырылған оттегімен, таза ауыз сумен қамтылған. Науқастарға 150 білікті маман қызмет көрсетеді.
Аурухананың құрылымында 12 клиникалық бөлімше, параклиникалық бөлімшелер, клиникалық, бактериологиялық, серологиялық зертханалар, эндоскопия, УДЗ, рентген, КТ кабинеттері, дәріхана бар.
Қосымша урология, оториноларингология, пульмонология, гинекология, жақ-бет хирургия бөлімшелері қызмет көрсетеді.











