Түркістан облысында 15 ардагер 1,5 млн теңгеден бір реттік материалдық көмек алады

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында 15 ардагер 1,5 млн теңгеден бір реттік материалдық көмек алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында екінші дүниежүзілік соғыстың 15 ардагері бар. Одан бөлек, 150 адам соғыс қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген.

Ең қарт ардагер, 102 жастағы Рсмет Джұмағұлов Төлеби ауданының Ленгір қаласында тұрады. Ал, ең кішісі түркістандық Әбжаппар Дайрабайұлы биыл 96 жасқа толып отыр.

Ұлы Жеңіс мерекесінің құрметіне орай, ардагерлерге бір реттік материалдық көмек беру үшін бюджет есебінен 175,5 млн теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде 15 ардагерге 1,5 млн теңгеден беріледі. Ал, 4 420 тыл еңбеккері мен қаза болған жауынгерлердің жесірлеріне 30 000 теңгеден, блокадалық Ленинградтың 2 тұрғынына 60 000 теңгеден, кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарға және теңестірілген басқа да санаттарға 100 000 теңгеден бір реттік материалдық көмек төленеді.

Облыс бойынша соғысқа қатысты 324 ескерткіш, 79 мемориал, монументтік кешендер бар. Бүгінде барлығында жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлық аудан орталығында және қалаларда ардагерлердің суреттерінен үлкен билбордтар жасалып, көше бойларына ілінеді.

Сауықтыру шараларын жүргізу мақсатында 15 ардагерге медициналық қызмет көрсетіліп, барлығы диспансерлік тексеруден өткізілген.


Соңғы жаңалықтар