Түркістан облысында 2 мектептің лицензиясы тоқтатылып, айыппұл салынды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында жыл басынан бері 93 өтініш тіркеліп, тексеру нәтижесінде 8 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Білім заңнамасын бұзғаны үшін 12 лауазымды тұлғаға нұсқама берілген.

Сондай-ақ, екі мектептің лицензиясы уақытша тоқтатылып, 115 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бақытжан Мұхамеджанов мәлімдеді.

«Мемлекеттік бақылау шараларын орындау барысында жоспарға сәйкес, биылғы жылдың 1-жартыжылдығында профилактикалық бақылау жүргізілген. Нәтижесінде 30 білім ұйымында кемшіліктер анықталып, нұсқама берілді. Бұдан өзге, департамент тарапыпынан ҚР «Педагог мәртебесі туралы» заңының талаптарын бұзғаны үшін 2 лауазымды тұлғаға шара қолданылды. Сондай-ақ, заңнамаға сәйкес балалардың білім ұйымдарындағы сабаққа дұрыс қатысуын қамтамасыз етпегені үшін ата-аналарды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулы шығып, 29 170 теңге көлемінде айыппұл салынды»,- деді Бақытжан Қалжанұлы.

Департамент тарапынан облыс аумағындағы мектептерде білім беру ұйымымен бекітілген педагогикалық әдеп бойынша кеңестің құрылмауы, педагог-зерттеушілердің, педагог-шеберлердің үлесі 35 %-дан кем болуы сынды деректер анықталған.


Соңғы жаңалықтар