Түркістан облысында 2 мыңға жуық оқушы апатты мектепте білім алып жүр

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Қазіргі кезде Түркістан облысында 4 апатты мектеп бар. Онда екі мыңға жуық оқушы білім алып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында 2 мыңға жуық оқушы апатты мектепте білім алып жүр

Жалпы Түркістан облысында 2025 жылға дейін 199 мектеп салу жоспарланған. Бүгінде аталған білім ордаларының құрылысы кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.

Мәселен, биыл өңірде 59 мектептің құрылыс жұмысына 20,7 млрд теңге қаржы қаралды.

Жоспарға сәйкес оның 34-нің құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.

Биыл бюджет қаржысы есебінен 21 мектеп, жекеменшік 13 мектептің құрылысы аяқталып, ел игілігіне табысталуы тиіс.

«Жаңа оқу жылының қарсаңында 5 мектеп пайдалануға берілді. Ал, жыл соңына дейін 16 білім ордасының құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Оның ішінде, 4 апатты және 2 үш ауысымды мектептің құрылысы жүріп жатыр»,-делінген Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.