Түркістан облысында 215 елді мекен халқы ауыз суды кестемен ішеді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында 215 елді мекен халқы ауыз суды кестемен ішеді. Халықты үздіксіз және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында 215 елді мекен халқы ауыз суды кестемен ішеді

Түркістан облысында 215 елді мекеннің халқы ауыз суды кестемен ішуге мәжбүр. Соның ішінде, облыстың оңтүстік аймақтарында ауызсу тапшы.

Мамандардың айтуынша, оған жерасты сулары деңгейінің түсуі себеп болған.

Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың баяндауынша, жалпы өңірдегі 608 елді мекеннің басым бөлігі ауыз суды жерасты су көздерінен пайдаланады.

«Елді мекендерге орталықтандырылған ауыз су жүйелерінің құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін ең алдымен су көздеріне іздеу-барлау жұмыстары жүргізіледі. Уәкілетті органдар, яғни Геология комитеті мен «Оңтүстікқазжерқойнауы» департаменті тарапынан су қоры бекітіліп, жерасты су қорларының көлемі көрсетіледі. Алайда, эксплуатациялық ұңғымаларды бұрғылау кезінде, жеткілікті көлемде су шықпай қалу фактілері орын алуда. Осыған байланысты Келес, Сарыағаш аудандарында орталықтандырылған ауызсу жүйелері жүргізілген барлық елді мекендерінде ауызсу кестемен беріледі», дейді мамандар.

Басқосуда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауапты сала басшыларына Геология комитетімен бірлесіп, қысқа мерзімде елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету және проблемалық мәселелерді шешу жолдары жөнінде нақты ұсыныс әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, ауыз су тапшылығының алдын алуға қатысты тиісті жұмыстарға күш салуды жүктеді.