Түркістан облысында 24 мыңнан астам оқушы мектепті аяқтайды
ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру қағидаларына сәйкес, тестілеу 2019 жылдың 20 маусымы мен 5 шілдесі аралығында өтеді.
Биылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеуді жылына 4 рет тапсыруға болады: қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында. Қаңтар, наурыз және тамыздағы тестілеудің нәтижесімен бітіруші ақылы түрде оқуға түсуге мүмкіндік алады. Маусымдағы тест - мемлекеттік грант негізінде тегін оқуға түсуге мүмкіндік береді. Жалпы ҰБТ тапсыру ережесінде өзгерістер жоқ. ҰБТ-ға құжаттар қабылдау ағымдағы жылғы 1 сәуірде басталып, 10 мамырда аяқталды.
«Түркістан облысында ҰБТ өтетін 15 пункт бар. Олардың 1-еуі жоғары оқу орнының базасында, 2-еуі колледждерде, 12-сі орта мектептерде орналасқан. 2019 жылдың қаңтар айында алғашқы рет ақылы түрде 5206 бітіруші тест тапсырды. Оның қорытындысы бойынша облыстың орташа балы 58,3-ті құрады. Наурыз айында 14375 түлек ақылы тестке өтініш беріп, 14 208-і тестке қатысты. Орташа балл - 79,5», - делінген облыс әкімдігінің ақпаратында.
Мәлім болғандай, биыл облыста ҰБТ-ға 16 мыңнан астам адам қатысады.
Сонымен қатар мектептерге енгізілген «BILIMLEND» электрондық платформасындағы «Іtest» жүйесінде ҰБТ-ға тегін дайындалуға және Ұлттық тестілеу орталығының сайтында тесті ақылы тапсыруға мүмкіндік қарастырылған.
Бұдан бөлек, облыста «EDTECH-KZ» халықаралық білім орталығының «KASIP TEST» жеке тұлғаның кәсіби диагностикасының автоматтандырылған жүйесі арқылы мектеп бітірушілерге онлайн түрде кәсіби диагностикалау жүргізілді. Оған 11-сыныптағы 24 183 оқушының 21542-і қатысты.