Түркістан облысында 270 автобусқа электронды билет жүйесі енгізіледі

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында көлік саласы бойынша жол картасы жасалып, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі және «Зерде» АҚ-мен келісілім орнатылған. Бүгінгі күні көлік компаниялары мен инвесторлар арасында электронды билетті енгізу туралы меморандумға қол қойылды. Бүгін бұл туралы Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Бастар Есқараев мәлім етті , деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан облысында 270 автобусқа электронды билет жүйесі енгізіледі

Басқарма басшысының сөзінше, пилоттық жоба алдымен Түркістан қаласындағы № 1А бағытындағы қоғамдық көліктерге енгізіледі. Сонымен қатар, бір уақытта GPS трекеры арқылы электронды билет жүйесі орнатылатын болады.


«Аталған пилоттық жоба аяқталған соң қалған барлық қалаішілік бағыттағы 21 автобусты қамту жоспарлануда. Ал, электронды билет жүйесі енгізілген автобустардың жалпы саны 270-ті құрамақ. Сондай-ақ, Түркістан қаласында инвесторлар есебінен 1 «ақылды» аялдама және 5 жарнама стэлін орнату жобалануда», - деді Бастар Есқараев.

Бұдан өзге, ағымдағы жылдың шілде айынан бастап облыс орталығы Түркістан қаласында 20 бейнебақылау камерасын орнату көзделуде. Кентау қаласында қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуші 10 бейнекамера және 2 интеллектуалдық жол қиылысын орнату жоспарланып отыр.