Түркістан облысында 270 мобильді топ науқастарды үйлеріне барып емдеуде
ТҮРКІСТАН . ҚазАқпарат – Түркістан облысында 270 мобильді топ науқастарды үйлеріне барып емдеуде. Бір ғана Төлеби ауданына қарасты Леңгір қалалық емханасының мамандары небәрі 10 күн ішінде 300-ден астам адамның өміріне араша болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Төлеби ауданындағы топ коронавирус инфекциясын жұқтырған 11 симптомсыз науқас пен пневмонияға шалдыққан 23 азаматты анықтап, дер кезінде медициналық көмек көрсеткен. Барлық науқастар бірден ауруханаға жеткізілуде. Ал, облыс бойынша қазір дәл осылай аптасына 24 сағат бойы 270 мобильді топ қызмет көрсетуде. Бір дәрігер және 2 орта буын медициналық қызметкері жұмылдырылған топтар толығымен жеңіл автокөліктермен қамтамасыз етілген. Оларға облыс әкімдігі тарапынан 161 көлік берілген. Емханалар жанынан COVID-19 және пневмония белгілері бар науқастарда аурудың асқынуының алдын алуға, ауруханадан шыққан соң бақылауда ұстау үшін құрылған мобильді топтар созылмалы аурулары бар пациенттерге де үйде қызмет көрсетуде.
Жүкті әйелдер мен балаларға көрсетілімдері бойынша патронаж жүргізуде. Азаматтарда ЖРВИ/КВИ/тұмау/пневмония белгілері пайда болған жағдайда, толық медициналық тексеру жүргізеді. Қызметтің бұл түрі халық үшін тегін. Емханаларға ақыны «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» төлейді деп жоспарланған.