Түркістан облысында 35 жылдан бері құжатсыз жүрген тұрғын куәлік алды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шардара ауданында 35 жылдан бері құжатсыз жүрген тұрғынға куәлік тапсырылды, деп хабарлайды Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Шардара аудандық Полиция бөлімінің Көші-қон қызметі тобы біршама іс-шаралар атқарды. Осы тұста Шардара ауданында құжатсыз тұрып жатқан азаматтарды анықтап, оларға жеке басын анықтайтын жеке куәліктерін аз уақыт ішінде дайындап, табыс етті.
Атап айтқанда, азаматтығы жоқ тұрғын Аташ Баянова 68 жыл бұрын Өзбекстан Республикасында туған. 35 жасында Қазақстан Республикасына отбасымен бірге көшіп келген. Алайда отбасылық жағдайына байланысты барлық құжаттарын жоғалтып, төлқұжатын осы уақытқа дейін алмаған.
Аталған жайтқа байланысты Шардара АПБ-нің қызметкерлері КҚҚТ-мен бірге Аташ Баяноваға қатысты іс-құжаттарын жинақтап, тиісті шараларды жүргізді. Тәртіп сақшылары біршама жұмыстарды тез арада аяқтап, жергілікті тұрғынды ҚР азаматтығы жоқ тұлғаға берілетін куәлігімен құжаттандырды.
Сондай-ақ, Нүрия Щенникова 2004 жылы Түркіменстан Республикасынан көшіп келген. Қазіргі таңда құжаттарының мерзімі өтіп кетуіне байланысты жеке куәлік берілді.