Түркістан облысында 5 мектеп жаңа оқу жылына дайын емес
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында 5 мектеп жаңа оқу жылына дайын емес. Бұл туралы Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматов «AMANAT» партиясының білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған мәжілісінде мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Түркістан облысында 14 мектеп күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп жатыр. Оның ішінде 9 білім ошағындағы құрылыс жұмыстары тамыз айының соңында аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Ал 5 мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары кешігуі мүмкін.
«Төлеби ауданындағы «Қаратөбе» жалпы орта мектебі, Түлкібас ауданындағы А.Оразбаева атындағы жалпы орта мектебі, Ордабасы ауданындағы Е.Ерназаров атындағы жалпы орта мектебі, Кентау қаласындағы №24 Т.Рысқұлов атындағы жалпы орта мектебі, Төлеби ауданындағы «Қостөбе» шағын жинақталған жалпы орта мектебі оқушыларды қабылдауға дайын емес» - деді Ғалымжан Алматов.