Түркістан облысында 50-ден астам тұрғынның талап-тілегі тыңдалды
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының барлық басқарма басшылары қатысуымен «Ашық есік» күні қоғамдық қабылдауы өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қабылдауға 23 басқарманың басшысы және жауапты өкілдері қатысып, тұрғындардың арыз-өтініштерін тыңдады. Өңірдің әр аудан-қалаларынан келген 50-ден астам тұрғын облыстық басқарма басшылармен тікелей жүздесіп, арыз-шағымдарын айтты. Бұл жолғы жаппай қабылдауға әсіресе, әлеуметтік көмек көрсету, жұмыспен қамту, медицина, білім және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты басқарма өкілдеріне сұрақтар өте көп болды. Қабылдауға жазылған тұрғындардың басым бөлігі осы түйткілдер бойынша арызданған.

Бүгінгі қабылдау қортындысы бойынша бірнеше отбасы «Қамқорлық» жобасының тізіміне қосылуы мүмкін. Қоғамдық қабылдауда кейбір тұрғындардың мәселесін бірден шешу жолы ұсынылса, бірқатарына заң аясында кеңес берілді. Әрбір мәселе мен шағымды басқарма өкілдері арнайы жазып алды. Алдағы уақытта бұл шағымдар бойынша жұмыс атқарылып, шешім қабылданбақ.

Айта кетейік, бүгінде Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының «Open Spaсe» форматындағы қоғамдық қабылдау бөлмесі нағыз диалог алаңына айналып келеді. Партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияны жаңғырту бағытындағы тапсырмасына сәйкес мұнда апта бойы қабылдау өткізіліп жүр. Алдағы уақытта шалғайдағы аудандарда көшпелі қоғамдық қабылдауды да тұрақты өткізу жоспарланып отыр.

«Партияның қоғамдық қабылдау бөлмесі халық пен биліктің арасын байланыстырып отыр. Осы мақсатта арнайы кесте әзірленіп, басшылардың қабылдау күндері алдын ала хабарланып жатыр. Бүгінгі қоғамдық қабылдауға да тұрғындар келіп, тиісті жауабын алуда. Мұндай жаппай ашық есік күні 7 ақпанда сағат 15.00-де Шымкент қаласында да өтеді. Түркістанға келе алмаған облыс тұрғындары сол қабылдауға барса болады», – дейді Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев.






