Түркістан облысында 52 мыңнан астам бала мектеп формасымен қамтылады
«Облыста атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан кепілдендірілген әлеуметтік пакетімен қамтылған 6-18 жастағы 52 660 баланы мектеп формасымен және мектеп құралдарымен қамтамасыз ету үшін 1 857,6 млн теңге қажеттілігі туындаған болатын. Аталған мәселе шешімін тапты. Бүгіннен бастап барлық мектептер ата-аналардан өтініш қабылдауды бастайды. Ата-аналар атаулы әлеуметтік көмек алатындығы туралы құжаттарды береді. Соған сәйкес біз олардың арнайы есеп шоттарына ақшаны аударып береміз», - деді облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы.
Сондай-ақ, ол кәсіпкерлер мен қала тұрғындарын «Мектепке жол» акциясына белсенді қатысуға шақырды.
Биылғы жылы Түркістан облысының оқушылары қара көк түсті форма мен ақ көйлек киеді. Сондай-ақ, ата-ана белгілі бір кәсіпкерге немесе дүкенге байланып қалмай, өз жағдайына қарай кез келген жерден мектеп формасын ала алады.
Бұған дейін Түркістан облысында көмекке мұқтаж оқушылар тізімі жасақталып жатқанын жазған едік.