Түркістан облысында 590 шақырым жол жөнделеді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Биыл Түркістан облысында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 590,2 шақырымына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында 590 шақырым жол жөнделеді

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, негізгі басымдылық облыс аумағындағы халқы тығыз әрі шекара маңында орналасқан оңтүстік аудандардың автомобиль жолдары жөнделмек.

Өңірде күннің жылынуына байланысты ағымдағы жылғы құрылыс, жөндеу жұмыстарының маусымы басталды. Мәселен, Шардара ауданының «Шардара-Арыс» бағытындағы 111 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар автомобиль жолында жөндеу жұмыстары қолға алынды. Оның «Арнасай-Қазақстан» ауылдары аралығындағы 70 шақырымы орташа жөндеуден өтіп, тамыз айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.


Ал, «Қазақстан-Достық» ауылдары арасындағы 41 шақырымы күрделі жөндеуден өтіп, оның жұмыстары 2021 жылға өтпелі.

Сонымен қатар, «Шардара-Арыс» бағытындағы 47-70 шақырым аралығында жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. «Қазақстан-Достық» ауылдары аралығындағы жолда жобаға сәйкес 6 көпірге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланған.

Қазіргі таңда барлық жұмыстар басталып, атқарылып жатыр. Аталған жолдар Шардара, Мақтаарал, Жетісай және Келес аудандарының аумағынан өтеді.