Түркістан облысында 919 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр
Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы Түркістан облысында да қарқынды жүріп жатыр. Дауыс берушілердің алғашқы легі таңғы сағат 7-ден сайлау учаскелеріне келе бастады. Өңірде қазір 919 сайлау учаскесі үздіксіз жұмыс істеп тұр.
Облыс орталығы Түркістан қаласында 50 сайлау учаскесі бар. Соның бірі - №880 сайлау учаскесінде еліміздің әнұраны шырқалып, салтанатты түрде ашылды. Сағат 7:00-де бірінші келген зейнеткер мен 18 жастағы сайлаушыға комиссия төрағасы С.Махамбетова арнайы сыйлықтар табыстады. Жалынды жасты тұңғыш рет дауыс беруге қатысып жатқанымен құттықтады. Сонымен қатар бата берген зейнеткер ақсақалға дәстүр бойынша иығына шапан жапты.
Түркістан облысының аудан, қалаларындағы тұрғындар да сайлауда өз таңдауларын жасап, белсенділік танытуда.
- Бүгін - халқымыз үшін айтулы күн. Бұл сайлаудан үлкен үміт, жақсылық күтеміз. Сайлау демократия талаптарына сай өтіп жатыр. Таңғы жетіден бастап жұмысқа кіріскен сайлау комиссиясының құрамы келушілерге қолайлы жағдай жасап, тұрақты мекенжайларына сәйкес қабылдау шараларын жүргізуде, - дейді мақтааралдық ардагер ұстаз Сегізбай Жанысбаев.
Айта кету керек, өңірде таң азанымен сайлау учаскелерінде дауыс беруге келген тұрғындардың қарасы көп. Ел басшысын анықтайтын шараға жергілікті тұрғындар белсенді түрде қатысып жатыр. Бұл күні сайлауға бірінші болып келіп, дауыс берген ауыл азаматтары, сондай-ақ алғаш рет сайлауға қатысқан азаматтарға сайлау комиссиясы тарапынан сый-сияпат көрсетілуде.