Түркістан облысында әкімдердің қызметі жаңа жұмыс орнын ашумен өлшенеді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысындағы әкімдердің көрсеткіші жаңа жұмыс орнын ашумен өлшенетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында әкімдердің қызметі жаңа жұмыс орнын ашумен өлшенеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға кемінде 100 жұмыс орнын құру әкімдердің міндеті болып бекітілді.

Осы мәселе талқыланған облыс әкімі аппаратының отырысында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев әрбір аудан, қала әкімінің негізгі көрсеткіші жаңа жұмыс орындарын ұйымдастырумен өлшенетінін айтты.

«Әр әкім қандай жұмыс орнын ашады, нәтиже соған байланысты болады. Негізгі көрсеткіштеріңіз сонымен өлшенеді. Жанашырлық танытып, халықпен бірге жұмыс істеген жөн. Күнде алдыңызда әр ауылдағы жұмыссыздардың тізімі тұруы керек. «Оларды қалай жұмыспен қамтимын?», «Не істеу керек?» деген сұрақтар мазалауы тиіс. Жаңа жобалар, жұмыс орындарын ашу қажет. Аудан, қаладағы қабілеті бар адамдармен бірлесе жұмыс істеңіздер», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, өңірде 777 мың адам жұмыспен қамтылған.

Ал, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева «Еңбек» бағдарламасы арқылы биыл ауқымды жұмыстар жүзеге асатынын айтып өтті.

«Жастар тәжірибесіне» биыл 5658 мың адамды жолдау көзделіп, мерзімі 12 айға ұзартылады. Еңбекақысы 30 АЕК немесе 91 890 теңгеге жеткізілмек.

Өңірде 2 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Қамқорлық» бағдарламасы арқылы 2,7 мың отбасы 825 млн. теңгеге демеушілік көмек алса, 85 үйсіз жүрген отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілген.

Деректерді саралаған облыс әкімі сала басшылары мен аудан, қала әкімдеріне халықтың тұрмысын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын көбейту жөнінде тапсырма берді.