Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы бақылануда

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында карантиндік шаралар кезінде кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар мен өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тақырыбында брифинг өтті. Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұрбақыт Иманқұлов өңірде азық-түлік тапшылығы мен бағаның негізсіз өсуі байқалмайтынын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы бақылануда

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, республиканың 19 ірі қаласының ішінде Түркістан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға көрсеткіші бойынша 13-ші орында тұр.

«Пандемия - сауда объектілерінің қызметін уақытша тоқтата тұруына және халық тарапынан сұранысты шектеп, тауарлар бағасының өсуіне алып келгендігі белгілі. Дегенмен, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы күнделікті бақылауда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру комиссиясы мен мобильді топ жұмысы жалғасып келеді. Жағдай тұрақты деп айтуға негіз бар»,- деді басқарма басшысы.

Қазіргі таңда азық-түлік бағасын тұрақтандыру комиссиясы тұрақты жұмыс істеуде. Мәселен, ағымдағы жылдың 24 қарашасындағы комиссия отырысының хаттамасына сәйкес, тұрақтандыру қоры арқылы баға сұрату тәсілімен қосымша 403,4 тонна азық-түлік тауарларын (қарақұмық жармасы - 50 тонна, қырыққабат - 101 тонна, макарон өнімдері - 32 тонна, картоп - 59 тонна, сәбіз - 101,8 тонна, құмшекер - 53 тонна, сиыр еті - 6,6тонна) алуға мемлекеттік сатып алу жарияланған.