Түркістан облысында алғаш рет мүгедектікке шығу деңгейі 18%-ға төмендеді

ТҮРКІСТАН.ҚазАқпарат - Түркістан облысында алғаш рет мүгедектікке шығу деңгейі 18%-ға төмендеді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалық етуімен өткен Үкімет отырысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында алғаш рет мүгедектікке шығу деңгейі  18%-ға төмендеді

Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау мәселелері қаралған отырыста аймақ басшысы осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады.

«Түркістан облысында 94 500 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады. Бұл облыс халқының 5%-ын құрайды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту шараларымен қамтамасыз ету үшін бюджеттің барлық көздерінен бөлінген қаржы 22%-ға ұлғайып, 2020 жылы 4,8 млрд теңгеге жеткен. Нәтижесінде, 34 мыңнан астам адам немесе қажеттіліктің 74%-ы оңалтудың техникалық құралдарымен және әлеуметтік қызметтерімен қамтылатын болады»,- деді Өмірзақ Шөкеев.

Облыс әкімі сондай-ақ, өңірде мүгедектерге арналған заманауи оңалту орталығын құру қажеттілігі туындап отырғанын атап өтті. Бүгінгі таңға мүгедектерге арналған сыйымдылығы 50 орындық 6 әлеуметтік нысанның және 200 орындық оңалту орталығының құрылысын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленген. Құрылыс жұмыстары 2024 жылға дейін кезең-кезеңімен жүргізілетін болады. Оның ішінде 50 орындық 3 нысанның құрылысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүргізу жоспарланған.

«Ұлттық жоспардың маңызды бағыты мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді орта құру. Осы бағытта облыста бейімделуге жататын 2 895 нысанның 98%-ы сәйкестендірілген. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру үшін басқарма және қоғамдық ұйымдар тарапынан мониторинг жүргізіліп, қолжетімді ортаны одан ары арттыру бойынша тиісті іс-шаралар атқарылуда. Биылғы жылы пилоттық режимде бастама алған «Әлеуметтік қызметтер порталы» мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін 2021 жылы толық іске асырылады», - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, бүгінгі күнге мүгедектігі бар азаматтардың 94%-ы электрондық-цифрлық қолтаңба алған. Бұл 42 мыңға жуық мүгедектігі бар азаматтарға оңалту шараларын сапалы және делдалсыз еркін таңдауға тиісінше, толық мүмкіндік береді. Өңірдегі ерекше білім беруді қажет ететін балалардың 48%-ы (17 272 бала) инклюзивті және арнайы біліммен оқытылуда. Мүгедектіктің алдын-алу мақсатында анықтау, профилактикалық және емдеу шараларын жүргізу нәтижесінде 2019 жылмен салыстырғанда алғаш рет мүгедектікке шығу деңгейі 18%-ға төмендеді.