Түркістан облысында ауруханаларға дезинфекциялық туннельдер орнатылуда

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қалалық және Сайрам аудандық орталық ауруханаларында дезинфекциялық туннельдер орнатыла бастады. Олар қабылдау және босану бөлімшелерінің кіреберісіне қойылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында ауруханаларға дезинфекциялық туннельдер орнатылуда

Сала мамандарының айтуынша, залалсыздандыру сұйықтығын бүркіп шашатын қондырғылардың тиімділігі мол.

«Ауруханалардың қызметкерлері мен науқастар ғимаратқа кіру үшін сол жерден өткізіледі. Құрылғы автоматты түрде іске қосылып, арнайы сұйықтық шашылады. Осылайша киімдегі қатерлі вирустарды жойып, инфекцияның алдын алуға болады», - дейді сала мамандары.

Бүгінде облыстағы медициналық ұйымдарда COVID-19 инфекциясымен күрес жұмыстары барынша қолға алынған. Үкіметтің резервтік қаражаты есебінен барлық емдеу мекемелеріне медициналық бұйымдар, бетперделер, қолғаптар, дәрілік заттар мен жеке қорғаныш құралдары жеткізілген. Коронавирус инфекциясын зерттеу және емдеу туралы клиникалық хаттамасының тізімі негізінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар қоры бекітілген. Айта кетсек, коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдеу үшін инфекциялық стационарларда 200 төсек орын дайындалған. Қауіпті індетке ұқсас клиникасы бар науқастарға арналған 640 төсек орындық провизорлық стационар бар. Одан бөлек барлық аудандар мен қалалардағы инфекциялық аурулар бөлімдері дайындық жағдайына келтірілген. Қарым қатынаста болғандарды оқшаулау үшін облыс аумағына 1256 орынға карантиндік орталықтар ұйымдастырылған.