Түркістан облысында ауруларды басқару бағдарламасы өз нәтижесін беруде
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы бойынша «Денсаулық» мемлекеттік ауруларды басқару бағдарламасына 50 мыңға тарта науқас іріктелген. Бұл жөнінде сала мамандарының қатысуымен өткен жиында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының бас сарапшысы Зайра Үмбетова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бас сарапшының сөзінше, аталған бағдарлама бойынша тіркелген науқастардың арасында қант диабеті, артериялық гипертензия және созылмалы жүрек жеткіліксіздігіне шалдыққан тұрғындар бар.
«Елімізде адамның ауру-сырқауы асқынуының және өлімінің төмендеуіне бағытталған созылмалы инфекциялық емес ауруларды емдеуге бірлескен жауапкершілікті қалыптастыру мақсатында 2016-2019 жылдарға арналған енгізу арқылы алғашқы медициналық-санитарлық көмекті күшейту жұмыстары жүргізілуде. Осы ретте, облыс бойынша ауруларды басқару бағдарламасына 49094 (31,2%) науқас іріктелген. Оның ішінде, қант диабетімен ауыратындар – 5649(25,5%), артериялық гипертензия - 42270(32,3%), созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар науқастар - 1175(25,8%) құрады»,- дейді Зайра Үмбетова.
Жиынға қатысқан қор өкілдері бүгінде бағдарлама қатысушыларымен келісім жасалып, науқастарға өзін-өзі бақылауға арналған күнделіктер берілгенін айтады. Келісімге сәйкес, медициналық ұйымдар мультидисциплинарлық команда құруы тиіс. Сондай-ақ, АББ-на қатысушы пациентпен тұрақты байланыста бола отырып, пациентті динамикалық бақылауды қамтамасыз етуі керек.
«Емханаларда денсаулық мектептері жұмыс істейді, онда пациенттерді өзіне-өзі көмек көрсету қағидаттарына, өз денсаулығына дұрыс қарым-қатынасқа үйретеді, өз білімін жетілдіру және салауатты өмір салты бойынша ақпараттық материалмен қамтамасыз етеді. Ақпараттандырылған пациент өзін-өзі бақылау күнделігін жүргізеді, оның денсаулығына әсер ететін факторларды бақылайды, бұл ретте пациенттің мінез-құлқы өзгереді, оның өз денсаулығы үшін жауапкершілігі артады. Осылайша, бағдарлама пациенттерге медициналық қызметкерлермен бірге өз ауруларын басқаруға және асқынуды болдырмауға мүмкіндік береді»,- дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының бас сарапшысы Меруерт Боташева.
Жиынды қорытындылаған мамандар бағдарламаға қатысу арқылы тұрғындардың бойынан оң өзгерістер байқалатынын айтады. Яғни, артериалдық гипертензиясы бар пациенттерде процестің тұрақталуы және артериалдық қысымды бақылау машықтарының қалыптасуы пайда болып, тиімділігін көрсеткен. Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерді ауруханаға жатқызу жағдайы және жедел жәрдем шақыртулардың саны азайған.