Түркістан облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы қалай жүзеге асырылып жатыр
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «Ауыл – ел бесігі» жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Түркістан облысындағы «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік нысандарды аралады.
Қаржы министрлігінің басшысы Ордабасы, Бәйдібек, Қазығұрт аудандарының білім және денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарын барып көрді.
Сондай-ақ, Жамаубаев Шымкентте аудан, қала әкімдері мен басқа да мемлекеттік органдардың қатысуымен қорытынды кеңес өткізді.

Қаржы министрі облыстық бюджетке «Ауыл - ел бесігі» жобасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 14,9 млрд теңге бөлінгенін атап өтті.
Бұдан бөлек, республикалық бюджеттен облысқа жан-жақты көмек көрсетілуде.
Биылдың өзінде субвенция көлемі 392 миллиард теңгені құраса, оның 305 миллиард теңгесі облысқа аударылған.
Сонымен қатар, 2019-2021 жылдар аралығында Үкімет резервінен 116,6 млрд теңге беріліп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды басым міндеттерін іске асыруға 318 млрд теңге нысаналы трансферт бөлінді.


