Түркістан облысында ауыл тұрғындары бір үйдің 9 адамын өрттен құтқарды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында ауыл тұрғындары бір үйдің 9 адамын өрттен құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында ауыл тұрғындары бір үйдің 9 адамын өрттен құтқарды

Оқиға Бәйдібек ауданына қарасты Шалдар елді мекенінде болған. Түнгі сағат 01:00 шамасында Төлеміс Байжанов есімді азаматтың үйінде өрт шыққан. Үйдің өртеніп жатқанын байқаған көршісі Еркеғали Тұраров алғашқы болып көмекке ұмтылған. Кейіннен көрші тұратын Ғалымжан Нұрназаров пен Иранпур Наврузи көмекке келген.

Бейбіт күннің батырлары Төлеміс Байжановтың 70 жастағы анасын, жүкті әйелі мен 7 ұл-қызын, жалпы бір үйдің 9 адамын қауіпсіз жерге шығарып, аман алып қалды. Ал үй иесі вахталық жұмыста болған.

Қазіргі таңда өрттің шығу салдары тексеріліп жатыр. Зардап шеккен азаматтар дәрігердің бақылауына алынған. Аудан тұрғындары аталған отбасыға көмек беруде.